Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев тек мемлекеттен бөлінетін қаражатқа қарап отыратын спорт федерацияларының басшыларын сынға алды, деп хабарлайды Ult.kz.
Айтуынша, бүгінгі таңда спорт федерациялары абырой-бедел жинайтын құрылымға айналған. Көптеген федерацияны ірі бизнес өкілдері және мемлекеттік мекеме басшылары басқарып отырғанымен, кәсіпкерлер осы қоғамдық маңызы бар іске өз қаржысын салуға құлықсыз, тек мемлекеттен бөлінетін қаражатқа қарап отырады.
"Мемлекеттік қызметшілер де осы жоғары қоғамдық лауазымдарды өзін «жарнамалау» құралы ретінде көреді, яғни спорттың мәнісіне терең бойламайды. Тіпті, спортшылардың жетістігін өздерінің жеке жеңісі деп санайтындар бар. Мұндай теріс, жағымсыз үдеріске тосқауыл қою керек. Осы мәселе бойынша жан-жақты талдау жүргізу қажет. Бұл жұмысты Президент Әкімшілігіне тапсырамын", – деді Президент.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, спорт және дене шынықтыруға қолдау көрсетуді құрметті қоғамдық миссия және үлкен азаматтық жауапкершілік ретінде қарастырған жөн.
"Ел ішінде және шетелде атақ-абыройыңды асқақтату үшін федерация басқару дұрыс емес. Оған жол беруге болмайды. Сондықтан мемлекет кәсіпкерлерді, соның ішінде ірі бизнесмендерді қолдайды. Бірақ мемлекет пен қоғам да олардың осыған сай әрекет еткенін күтеді. Атап айтқанда, бұл спортты, мысалы футболды коммерцияландыру мәселесіне қатысты. Туризм және спорт министрлігі мен спорт федерацияларының арасында тең құқылы диалог өрбіп, міндеттері мен құзыреттері нақты айқындалған ынтымақтастық жолға қойылуға тиіс", - дейді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазір бірқатар спорт федерациясына бизнесмендердің, меценаттардың жаңа буыны келе бастағанын айтты. Оларға спортты дамыту саласындағы жағдайды жақсарту міндеті жүктеліп отыр.
