Фото: Ақорда
Ақордада өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Президент биыл Жұмысшы мамандықтары жылы аясында еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетіліп жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, энергетика – ел үшін стратегиялық маңызы бар сала.
«Тұрақты қуат көзі болмаса, қуатты мемлекет құру мүмкін емес. Энергетика саласында қызмет ету – еліміздің дамуына үлес қосу деген сөз. Себебі сіздер атқарып жатқан жұмыстың игілігін еліміздегі әр отбасы, әр адам көреді», – деді Президент.
Ол әрбір үйге жарық пен жылу беру жауапкершілігі зор іс екенін айтып, сала мамандарына қажырлы еңбегі үшін ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің өсіп-өркендеп келе жатқанын атап өтіп, экономиканы және инфрақұрылымды дамытуға баса мән беріліп отырғанын жеткізді.
«Қазақстан жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Қазақстан болашақта толыққанды цифрлық ел болуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Осы бағытта Астанада Халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылғанын, америкалық технология бойынша жасалған суперкомпьютер іске қосылғанын айтты.
Президенттің сөзінше, жаһандық үрдістерге сай жаңа дата-орталықтар салынып, бұлтты инфрақұрылым қалыптасады.
«Әрине, мұның барлығы энергетика саласы үшін үлкен сынақ болмақ. Сондықтан осындай маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін энергетика саласын түбегейлі жаңғыртуымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы соңғы жылдардағы нақты нәтижелерге де тоқталды.
«Соңғы алты жылда электр энергиясын өндіру 16 миллиард киловатт-сағатқа артты. Бұл Қарағанды облысы сияқты өндірісі өркендеген аймақтың бір жылдағы қуат тұтыну көлемімен бірдей», – деді ол.
Қазіргі таңда Қазақстанның электр энергетикасы жүйесінде жалпы қуаты 25 гигаваттан асатын 237 электр станциясы бар, ал нақты қолданыстағы қуат көлемі 21 гигаватты құрайды.
Президенттің айтуынша, мемлекет жүргізіп отырған жүйелі шаралардың арқасында энергия нысандары мен инженерлік-коммуналдық желілердің орнықтылығы айтарлықтай күшейген.
«Өткен жылғы жылыту маусымында технологиялық ақаулар 27 пайызға қысқарды», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласын жаңғырту елдің тұрақты дамуы мен цифрлық болашағы үшін шешуші маңызға ие екенін айтты.
