20 там, 2020 сағат 14:31

Олжас Сүлейменовтің немересі қаза болған жол апатына кінәлі азамат бостандыққа шықты

Белгілі ақын, Олжас Сүлейменовтің немересі Ескендір Сүлейменов қаза болған жол апатына кінәлі деп танылған Малика Мұхитова мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Осы жылдың 23 маусымында Байқоңыр аудандық №2 сотының қаулысымен сотталған Мұхитованың жазасының қалған бөлігін ауыстыру туралы өтініші қанағаттандырылған жоқ. Нұр-Сұлтан қалалық сотының аппеляциялық сатысы бұл шешімді жойып, бас бостандығынан айырудың өтелмеген бөлігі айыппұлға ауыстырылды. Қылмыстық кодекстің 73-бабына сәйкес, қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген не жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзбаған жағдайда, сот жазаның қалған өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыруы мүмкін. Заңның бұл талабын Мұхитова орындады», - делінген таратылған ақпаратта. 

Соттың мәліметінше, бүгінгі күнге дейін ол жазаның басым бөлігін өтеген. Өтелмеген 4 ай 27 күн ғана қалған. Ол жазасын өтеу барысында өзін тәртіпті ұстап, мекеменің қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны және үлгілі тәртібі үшін 3 рет ынталандырылған. Түзеу мекемесі де оған оң сипаттама берген. 

«Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының шешімімен өндіріліп алынатын моральдік өтемақыны М.Мұхитова толықтай төледі. Прокурор мен мекеме өкілі де сотталушының өтінішхатын қолдап, жазаны неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыруды өтінді. Аталғандардың негізінде аппеляциялық саты Мұхитованың бас бостандығынан айыр түріндегі жазасын айыппұлға ауыстырды», - делінген таратылған ақпаратта. 

Еске салайық, 2018 жылдың маусым айында Астанада жол апатынан ақын Олжас Сүлейменовтің 26 жастағы жиені Ескендір Сүлейменов мерт болды. 

Ескендір тізгіндеген мотоцикл қиылысқа шыққан көлікке соғылды. Арада көп уақыт өтпей Астана қалалық Ішкі істер департаменті апатқа себепкер болуы мүмкін «Hyundai» автокөлігінің иесі, 29 жастағы Малика Мұхитоваға қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады. 

Кейіннен М.Мұхитова Қызылорда облыстық ІІД (Полиция департаментінің) бастығының қызы екені анықталды. 

Ол 2 жылға бас бостандығынан айрылған болатын.