29 мау, 2022 сағат 13:51

Нұр-Сұлтанда ресейлік ұшақ тоқтатылды


Елордада «VOLGA DNEPR AIRLINES» компаниясының ұшағы тоқтатылды. Мемлекеттік кірістер комитеті жағдайдың себебін түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

26 маусымда жергілікті уақытпен сағат 13:40-та елорданың «Нұрсұлтан Назарбаев» Халықаралық әуежайында «VOLGA DNEPR AIRLINES» әуе компаниясының Үрімші (ҚХР) – Нұр-Сұлтан – Мәскеу бағытындағы коммерциялық рейсін іске асырып жатқан RA-82074 нөмірлі әуе кемесі тоқтаған.

"Әуежайдың жерүсті қызметі дереу "Әуежай Астана" кеден бекетінің қызметкерлерін хабардар етті. Дегенмен әуе кемесінің экипажы және олардың өкілі белгіленген уақыт ішінде кедендік рәсімдеуге қажетті құжаттар мен мәліметтер ұсынбаған. Сондықтан әуе компаниясына қатысты ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 538-бабымен әкімшіліктік өндіріс қозғалды. Онда жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Қазақстан Республикасының кедендік заңнамасына сәйкес, тасымалдаушы немесе өзге де белгіленген тұлғалар келуі туралы хабардар еткен кезден бастап кеден органының жұмыс уақытының үш сағаты ішінде көлік құралына кедендік декларацияны тапсыруға міндетті", - деді ведомство өкілдері.

Әуе компаниясының өкілдері заңбұзушылықпен келіскен. Қазір кінәлілерді әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 

"Әуе кемесі кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көлік құралына кедендік декларацияны тапсыруға қатысты барлық кедендік операциялар орындалған соң бірден жіберіледі" - делінген хабарламада.

Мемлекеттік кірістер комитеті бұл заңбұзушылық кедендік әкімшілендіру саласында кең таралғанын және саяси астары жоқ екенін айтты.