Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚХА төрағасы лауазымынан бас тартты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«2019 жылы 19 наурызда 30 жылдық қызметімнен кейін президент өкілеттігін тоқтаттым. Осы жеткілікті, басшылықта өзгеріс, жаңа адамдар мен жаңа міндеттер болуы керек деп санадым. Билік сабақтастығы мәселесі 2019 жылы конституциялық жолмен шешілді. Бұл қадамның дұрыстығын өмір растады. Мен осы жылдар бойы менімен бірге жұмыс істеген, өзім жақсы білетін адамды таңдадым. (...) Бүгін бұл таңдау дұрыс болғаны ақталып отыр.
Қазір мен осымен тоқтамай бұдан әрі жылжығым келеді. Бұл да мен үшін маңызды қадам, өйткені 1995 жылдан бастап мен Қазақстан халқы Ассамблеясының бастауында болдым, жұмысты басқардым, біз сіздермен бірге күрделі жолдан өттік», - деді Назарбаев Ассамблея сессиясында.
Сессияны қорытындылай келе Елбасы ҚХА төрағасы лауазымын елдің іс басындағы Президенті атқаруы тиістігін атап өтті.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңға, Ассамблея туралы заңға сәйкес маған Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы лауазымын өмір бойы атқару құқығы берілген. Жалпы, мен сіздермен барлық уақытта бірге боламын әрі одан бас тартпаймын да. Дегенмен, Ассамблеяны басқаруға қатысты бірқатар құзірет еліміздің Президентіне жүктелген. Тіпті, бұл да маңызды емес. Қазақстан халқы Ассамблеясы тірек ретінде іс басындағы Президенттің жанында тұруы тиіс және екінші жағынан Мемлекет басшысы да Ассамблеяға арқа сүйейді. Сондықтан мен Ассамблеяны басқару құқығымды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешім қабылдадым.
Бүгінгі шешім Ассамблея қызметінің мүдделеріне қызмет ететініне және Президентімізге еліміздің, қоғамымыздың, мемлекетіміздің болашағына арналған барлық жұмыс пен жоспарды біріздендіруге көмектесетініне сенімдімін. Қасым-Жомарт Кемелұлы, ҚХА-ның сізге көрсеткен сенімімен құттықтаймын, сізге табыс тілеймін», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
