19 жел, 2025 сағат 16:35

Мемлекет басшысы Алматыда БҰҰ университетінің өңірлік филиалын құруды ұсынды


Фото: adyrna.kz
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Токиода дәріс оқып, Алматыда БҰҰ университетінің өңірлік филиалын құруды ұсынды, деп хабарлайды Ult.kz.

Мемлекет басшысы Қазақстанның халықаралық аренадағы абыройы ел ішіндегі жетістіктерімен тікелей байланысты екенін жеткізіп, тиімді дипломатияның өзегінде жауапты ішкі саясат жатқанын айтты.

"Мен білімнің және халықаралық деңгейдегі академиялық ықпалдастықтың дамуына айрықша мән беремін. Әсіресе, әлемнің өзгеруін жеделдететін бастамаларды қолдаймын. Бұл басымдықтар БҰҰ университетінің миссиясына толық сай келеді. Биыл Қазақстанда Орталық Азия және Ауғанстанға арналған БҰҰ орнықты даму орталығы ашылды. Қазақстан осы алаңның негізінде Алматыда БҰҰ университетінің өңірлік филиалын құруға әзір. Оның қызметін, ең алдымен, су және климат қауіпсіздігі, қақтығыстарды реттеу, бітімгерлік, орнықты даму мен жасанды интеллектіні басқару мәселелеріне бағыттауға болады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның БҰҰ университеті мен еліміздегі жетекші жоғары оқу орындары арасында бірлескен зерттеу жүргізу, академиялық тәжірибе алмасу және маман даярлау бойынша институционалдық серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.