19 там, 2020 сағат 07:28

Маңғыстау облысында полиция көлігі бар жылдамдықпен өзге машинаға соғылды

Маңғыстау облысының трассасында полиция көлігі өзге машинамен соқтығысып, жыраға құлап кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Жол-көлік оқиғасы 18 тамыз күні шамамен сағат 16:00-де «Ақтау – Шетпе - Бейнеу» республикалық маңызы бар трассасында болды. 

Полиция департаметінің мәліметінше, жол апаты «Mercedes-Benz» жүргізушісінің кінәсінен болған. Ол қашықтықты сақтамай, «Hyundai Solaris» көлігімен соқтығысқан. Соққы салдарынан «Hyundai Solaris» қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, оған полиция көлігі соғылған. 

Оқиға патрульдік көліктің видеотіркегішіне жазылған. Зардап шеккендер жоқ. 

«Ереже бұзған жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабы 1-бөлігі бойынша (Көлiк құралдарын, жүктердi, жолдарды, жолдағы және басқа да құрылысжайлардың немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген, материалдық залал келтiрген көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын бұзуы) хаттама толтырылды», - деді ведомстводан. 

Апатқа кінәлі адамға 20 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу немесе алты айға дейінгі мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыру жазасы белгіленуі мүмкін.