17 сәу, 2020 сағат 07:14

Қорғаныс министрлігі Қарағандыдағы ұшақ апатына қатысты толық ақпаратты жариялады

Қорғаныс министрлігі Қарағанды маңында болған болған ұшақ апатына қатысты толық ақпаратты жариялады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазіргі уақыттағы ақпаратқа сәйкес, Қарағанды қаласы маңында апатқа ұшыраған МиГ-31 жойғыш ұшағын подполковник А. Құрманғалиев пен подполковник И. Гаврилконың басқарғандары белгілі болды.

Олар тәжірибелі әскери ұшқыштар. А. Құрманғалиевтің жалпы ұшу уақыты 888 сағат болса, ал И. Гаврилконыкі -1161 сағатты құрайды.

Апат орнына Қазақстан Әскери-әуе күштерінің жердегі іздестіру-құтқару қызметі бірінші болып келген.

Ұшқыштарға оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін, олар Қарағанды қаласының ауруханасына эвакуацияланды.

Қазіргі кезде ұшқыштарға қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Дәрігерлер біреуінің жағдайын қанағаттанарлық, екіншісінікі орташа ауырлықта деп баға беруде.

Қорғаныс министрлігінен тағайындаған комиссия авиациялық оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті. Апат орнына Әуе қорғаныс күштерінің бас қолбасшысы мен Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы ұшып кетті.

Айта кетейік, апатқа ұшыраған ұшақ 1991 жылы шығарылған болатын. Бұл МиГ-31 ұшағының Қазақстандағы төртінші рет апатқа ұшырауы. Бұдан бұрынғы оқиғалар 2007, 2008, 2013 жылдары болатын.

Еске салсақ, кеше Қарағанды облысында әскери ұшақтың апатқа ұшырағаны туралы хабарладық. Құлаған ұшақтан екі сарбаз зардап шекті.