Бүгін ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыс қаласындағы жарылыс себептерін тергеп-тексеру жұмыстары бір айда аяқталатынын айтты.
«Біздің ойымызша, тергеу амалдары шамамен бір айдың ішінде аяқталады. Кеше жарылыс себептеріне қатысты Бас әскери прокурордың орынбасары түсініктеме берді. Бұл қызметтік салғырттық болуы мүмкін. Бұдан бөлек, басқа да нұсқалар қарастырылуда. Мысалы, тез жанатын заттардың өртенуі, электр желісінің тұйықталуы болуы мүмкін. Қасақана өрт қою әрекеті де тексерілуде. Біз осы нұсқалардың біреуін де әзірге жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан меніңше, Бас әскери прокуратураның бақылауымен Ішкі істер министрлігі құрған тергеу тобы жүргізетін тергеу жұмыстары өз нәтижесін береді», - деді Нұрлан Ермекбаев Сенат кулуарында журналистерге берген сұхбатында.
Бұған қоса, Қорғаныс министрі барлық кінәлі адамдар жауапқа тартылатынын айтты.