Фото: ҚР ҒЖБМ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университеті (СБПУ) бірлесіп әзірлеген «Қазақстан – Қытай» наноспутнигі 13 желтоқсанда Бейжің уақыты бойынша сағат 09:08-де 530 шақырым биіктікте орбитаға сәтті шығарылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Ғарыштық зерттеулерге арналған бұл құрылғы Ziwei Aerospace компаниясының «Диэр-5» (Яо-8 миссиясы) ғарыш аппараты арқылы «Куайчжоу-11» зымыран тасығышымен орбитаға жеткізілді.
Айта кетейік, 2024 жылы ҚазҰУ мен СБПУ микроспутниктерді зерттеу бағытында бірлескен ғылыми жұмыстар жүргізу туралы келісімге қол қойды. Бұл келісім ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің ресми сапары кезінде келісілген болатын.
Наноспутник бірнеше негізгі міндеттерді жүзеге асырады, атап айтқанда, мақсаттарды жоғары тұрақтылықпен маневрлі бақылау, икемді сенсорларға негізделген платформа бағдарын динамикалық қабылдау және компенсациялау, сонымен қатар OpenHarmony ашық бастапқы коды бар операциялық жүйеге негізделген қашықтықтан зондтау кескіндерін автономды тану.
Әзірлеменің негізгі төрт артықшылығы бар:
- - коммерциялық компоненттер мен инновациялық дизайн арқылы жоғары экономикалық тиімділік;
- - жоғары тұрақтылық пен дәл бағыттау;
- - ориентация қателерін бейімделген түрде компенсациялауға арналған жоғары есептеу қуаты;
- - деректерді Жерге жылдам алып-жеткізу үшін жоғары оперативтік әрекеттестік.
Жоба ҚазҰУ базасындағы СБПУ филиалы, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы ұлттық бірлескен зерттеу лабораториясы, Әуе-ғарыш институты және Икемді электроника ұлттық негізгі зертханасының қолдауымен жүзеге асырылды.
Жобаның консультанты – академик Хуан Вэй, жалпы жетекшісі – профессор Юэ Сяокуй, жетекшінің орынбасары – ҚазҰУ профессоры Зәуре Рақышева. Бірлескен зерттеу тобына Қазақстан мен Қытайдан 20-дан астам маман және жас зерттеуші қатысты.
Бұл бірлескен жұмыс ғарышты зерттеу, білікті мамандар даярлау және ортақ спутниктерді жасау, сондай-ақ микроспутник арқылы Жерді қашықтықтан зерттеу мүмкіндігін береді.
