10 мау, 2025 сағат 12:58

Туризм – экономикалық өсімнің драйвері: Үкіметте туристерге жайлы демалыс мәселесі талқыланды

Фото: Үкімет

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туристердің елімізде жайлы және қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету мәселесі қаралды, деп хабарлайды Ult.kz.

Үкімет отырысы барысында ҚР туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов еліміздің туристік саласы жыл сайын дамып, әлеуетін арттырып келе жатқанын баяндады. Мәселен, 2024 жылы отандық туристер саны 10,5 млн; шетелдік келушілер – 15,3 млн теңгені құрады. Бүгінгі таңда 87 мемлекет үшін визасыз режим қарастырылған, 107 шет мемлекет азаматтары электронды түрде виза рәсімдеу мүмкіндігіне ие.

«Мемлекет басшысы туризм индустриясы экономикалық өсімнің маңызды драйвері екенін бірнеше рет атап өтті. Біз Қазақстанның шетелдік туристерге достық пейілі бар, емін-еркін демалуға қолайлы ел ретінде тартымдылығын арттыру үшін қажетті жағдай жасауымыз керек. Бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылуда. Халықаралық әуе қатынастарының, теміржол және автокөлік бағыттарының географиясы кеңейтілуде. Шетелдік азаматтар үшін көші-қон рәсімдерін жеңілдету қолға алынды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.


Келген қонақтардың емін-еркін әрі қауіпсіз демалысына ерекше көңіл бөлініп отыр. Мысалы, Алматы, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарында көршілес елдерден келген туристерді қабылдау жұмыстары жүргізілді. Бұл тәжірибені кеңінен тарату қажет.

Олжас Бектенов туристер үшін келген сәттен бастап, бүкіл сапар маршруты бойынша және елден кеткенге дейін қолайлы жағдай жасауды тапсырды.

Премьер-министр туристік өнімдерді нақты туристік топтардың, әсіресе, шекаралас өңірлердегі туристерге бейімдеген жөн екенін баса айтты.

«Мұның шағын және орта бизнестің қызметіне ғана емес, сондай-ақ бағдарламалық-цифрлық өнімдерге де қатысы бар. Туристік локацияларда сапалы ұялы байланыс пен интернет болуға тиіс. Қонақ үйлер мен туристер жиі баратын басқа да орындарда қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздік деңгейіне, сондай-ақ баға саясатының қолайлы болуына назар аудару керек. Туристер үшін келген сәттен бастап, бүкіл сапар маршруты бойынша және елден кеткенге дейін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету қажет», —  деп атап өтті Олжас Бектенов.


Аталған жұмысты Туризм, Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктері мен әкімдіктерге бірлесіп жүргізу тапсырылды.

«Бұл әсіресе, қауіп деңгейі жоғары аймақтарға қатысты. Таудағы демалысқа арналған құрал-жабдықтар мен керек-жарақтарды түгендеп, туристердің қауіпсіздік техникасы туралы білім деңгейін арттыруды, сондай-ақ туристер үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз инфрақұрылым құруды бақылауға алу қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.