Фото: Instagram.com
Қазақстандық кәсіпкер Данна Қарағұсова америкалық Blue Origin компаниясының New Shepard суборбиталық кемесімен ғарышқа ұшқан тұңғыш қазақстандық әйел атанды, деп хабарлайды Ult.kz.
Данна Қарағұсова бұған дейін ивент және дистрибуция саласында 25 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Ол First Media Group медиа және ивент-холдингінің негізін қалаушылардың бірі.
Ғарышқа ұшар алдында компания кемеден түсірілген суреттерді жариялады. Жарияланған мәліметтерге сәйкес, экипаж құрамында бизнесмен Джефф Элгин, инженер Клинт Келли III, стартаптардың сериялық негізін қалаушы Аарон Ньюман, украиналық бизнесмен Виталий Островский және есімін құпия сақтауды қалаған тағы бір жолаушы болған.
New Shepard зымыраны 2025 жылғы 8 қазанда АҚШ-тың Техас штатындағы ғарыш айлағынан ұшырылды. Ұшу небәрі 11 минутқа созылды.
Корабльдың ішінде түсірілген видеода Данна Қарағұсова барша анаға сәлем жолдады:
"Әрбір анаға айтарым: "Балаңыздың арманына сеніңіз". Анашым, мен сізді жақсы көремін! Рақмет!"
Айта кету керек, бұл Blue Origin компаниясының 36-туристік миссиясы саналады. Компаниясының бағалауынша, ғарыш туризміне арналған суборбиталық ұшудың құны шамамен 500 мың долларды құрайды.
