15 мам, 2024 сағат 13:53

Елде жастардың баспаналы болуына тиімді мемлекеттік бағдарлама жоқ — депутат


Фото:dauletten.kz

Бүгін Парламенттің төменгі палатасында өткен отырыста мәжілісмен Дәулет Мұқаев Үкіметтен жастардың тиімді баспана алуына жағдай жасауды сұрады деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".

Дәулет Мұқаевтың ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жолдаған сауалының толық нұсқасы төменде:

Жастар – қоғамның қозғаушы күші, еліміздің ертеңі. Жастарға жан-жақты қолдау көрсету мемлекет міндеттерінің басым бағыттарының бірі. 

Жастар елдегі оқиғалардың бел ортасында жүр. Елімізде орын алған төтенше жағдайларда да төбе көрсететін де жастар, қолдаушылар да жастар. Ал бізде Үкімет тарапынан жастарға тиісті деңгейде көңіл бөлініп жатыр ма? Ең басты қажеттілік баспана мәселесі де шешімін таппай отыр. 

Жыры басылмаған жастарға берілген жалдамалы пәтер жайында Роман Васильевичке де депутаттық сауал жолдағанмын. Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі Үкіметтің бақылауында деп қысқа қайырған. Жастардың талап-тілегін нақты шешімдер мен әрекеттер жасайды деген ниетпен қайта жолдап отырмын. 

2019 жылдан бері Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жалдамалы пәтерге орныққан жастардың саны 10 000-ға жуықтады. 2019 жылы баспана алған жастардың баспананы босатуына да аз уақыт қалды. Бүгінде мегаполистердегі жастардың далада қалу қаупі жоғары. Тағы бір қосарым- өткен жылы берілу керек пәтерлер Алматы қаласының жастарына әлі дер берілмеді. Нақты тізім, нәтиже шықпады.

Жалдамалы пәтер алған жастардың қаржы жинап, өз баспаналарын ала алмаудың да өзіндік себептері де бар. 

2019 жылдан бері инфляция деңгейі де шарықтап, үй бағасы жылдан жылға өсті. Осыдан 5 жыл бұрын Республика бойынша пәтердің орташа шаршы метрі 200 мың болса, қазір 400 мыңға жуықтады. Яғни, 2 есе өсті. Шындыққа тура қарасақ, баспанаға қаржы жинаудан, қымбатшылық қыспаққа алып күнкөріс мәселелі алдыңғы орынға шықты. Бұл бір.  

Екіншіден, елде жастарға арналған тиімді мемлекеттік бағдарлама жоқ. Елде тиімді бағдарламаның жоқтығынан жастар баспана алу үшін шетел асып жұмыс істеуге мәжбүр. Келмей қалып қойып жатқаны қаншама. Бұл елімізде дарынды, талантты жастардың азаюына алып келуде.

Үшіншіден, жалдамалы пәтер алған жастар өзге де мемлекеттік бағдарламалар мен үй кезегінде тұру мүмкіндігінен айырылған. Ақшасын жинап, түйіп отырған жастар, басқа бағдарламаға қатыса алмаса қалай баспаналы болмақ.

Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек – деп Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, еңбек адамының негізгі бастауы да осы жұмысшы жастар емес пе? Жұмысшы жастарға қолдау көрсетсек, осындай азаматтар ертең еліміздің дамуына зор үлес қосары сөзсіз. 

Жоғарыды аталған факторларды ескере отырып, жастардың тиімді баспана алуына жағдай жасау және кемі 10%-дық бастапқы жарнамен өздері тұрып жатқан баспанасын сатып алуға мүмкіндік беру мәселелесін қарастыруды қайта сұраймын. Және де пайыздық мөлшерлемесі де 5%-дан аспауы тиіс. Немесе жалдамалы пәтерде тұру мерзімін ұзарту керек.

Жауапты заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша ұсынуыңызды сұраймын.