07 қар, 2025 сағат 15:54

Депутаттың жұбайы қызметтік пәтерін көрсетті, бірақ қазақстандықтар сенген жоқ

Фото: Instagram.com

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің жұбайы, кәсіпкер Адель Әділова халық қалаулыларының "жарқыраған өмірі" туралы түсінікті сейілтпек болып, Астанадағы қызметтік пәтерін көрсетті. Алайда, желі қолданушыларының көбі оның шынайылығына күмәнмен қарады, деп хабарлайды Ult.kz.

Әділова әлеуметтік желіге жариялаған видеосында қарапайым үш бөлмелі пәтерге экскурсия жасап шыққан. Кадрларда қонақ бөлмеде диван, шкаф және жұбайының марапаттары көрінеді. Ал жатын бөлмеде — қарапайым төсек пен ескі жиһаз. Бір сәтте ол комодтың тұтқасын ашпақ болғанда, ол сынып қалды.

"Көріп тұрғандарыңыздай, жиһаздары ескі. Біз мемлекеттік қызметкердің шынайы өмірін көрсеткіміз келді. Бұл үй 2004 жылы пайдалануға берілген, барлық жиһазға 20 жыл болған", — деді ол.


Әділованың айтуынша, отбасы бұл пәтерде 2023 жылдан бері тұрады. Үй әр депутатқа қызметтік негізде беріледі, терезелері Мәңгілік Ел даңғылына, Сенат пен Мәжіліс ғимараттарына қарайды. Әлеуметтік желідегі пікірлерге қарағанда, видео “Нұрсая-1” тұрғын үй кешенінде түсірілген.


Алайда желі қолданушылары видеоға күмәнмен қарады. Көпшілігі пәтер “арнайы түсірілім үшін дайындалған” деп болжайды:

“Онда шын мәнінде жалға алушылар тұратын сияқты, марапаттарды түсірілім алдында қойған”,
“Депутаттар мұндай пәтерде тұрады дегенге ешкім сенбейді”,
“Бастысы – халыққа сенімді түрде ‘лапша ілу’”,
“Cartier сақинасын шешіп қою керек еді”,
“Тіпті өз шкафының сынғанын да білмейді”,
“Видеодан таңқалдырғаны — не үшін сонша медаль алғаны ғана”.