07 қар, 2025 сағат 13:01

«Челсидің» болашақ жұлдызы: Дастан Сәтпаевтың бағасы аспандады


Фото: ҚФФ


Қазақ футболының жас жұлдызы Дастан Сәтпаевтың нарықтағы бағасы күрт өсті. Transfermarkt порталының дерегінше, ойыншының трансфер құны 1,2 миллион еуродан 3 миллион еуроға дейін көтерілген, деп хабарлайды Ult.kz.


Осылайша Сәтпаев бүгінде Қазақстандағы ең қымбат футболшы атанып отыр. Бұған дейін бұл мәртебе Бақтиер Зайнутдиновқа тиесілі болатын. Қазіргі бағалауға сай, Сәтпаевтың құны Зайнутдиновтікінен шамамен 200 мың еуроға жоғары.


Футбол сарапшыларының пікірінше, жас спортшының әлеуеті зор. Келесі жылы Дастан Сәтпаев 18 жасқа толған соң, ағылшынның әйгілі “Челси” клубымен келісімшартқа отырады деп күтілуде. Мамандар бұл ауысым жас таланттың бағасын одан әрі арттырады деген сенімде.


Айта кетсек, “Челсидегі” ең төмен бағаланған қақпашы Габриэл Слонина шамамен 4 миллион еуро тұрады. Ол да ағылшын клубына келмей тұрып, 2–2,5 миллион еуро деңгейінде бағаланған еді.

Сарапшылар Дастан Сәтпаевтың мысалы қазақ футболының жаңа буынының әлеуетін көрсетеді деп санайды.