16 қыр, 2019 сағат 16:44

Бокстан әлем чемпионаты: Абылайхан Жүсіпов ширек финалға шықты

Қазақстандық боксшы Абылайхан Жүсіпов Ресейдің Екатеринбург қаласында өтіп жатқан Әлем чемпионатын сәтті бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстандық боксшы 69 келі салмақта 1/8 финалдық сайыста таиландтық Вуттичай Масукпен қолғап түйістіреді. Қарсыласы бұған дейін екі мәрте Азия чемпионы және 2015 жылы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған.

Абылайхан қазірге дейін 2017 жылы Азия чемпионатында алтын алса, сол жылы әлем чемпионатында қола жүлдеге қол созған болатын. Сондықтан бүгінгі бәсекеде өзін жақсы қырынан көрсетті. Төрешілер бірауыздан қазақстандық боксшының жеңісін мойындады. Нәтижесінде ол қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсіп, ширек финалға жолдама алды.

Бүгін тағы бір қазақстандық боксшы Тұрсынбай Құлахмет шаршы алаңға шығады. Кешкі жекпе-жектер Нұр-Сұлтан уақытымен 20.00-де басталады. Ол АҚШ боксшысы Хавьер Мартинеспен шеберлік байқасады.

Бұған дейін Қазақстан боксшылары қатарынан Қайрат Ералиев (57 келі) пен Бекзат Нұрдәулетов (81 келі), Василий Левит (91 келі) жеңіске жетіп, жарыстың 1/8 сатысына жолдама алды.

Биылғы әлем чемпионатында қазақстандық құрама сапында сегіз саңлағымыз сынға түсуде. Олардың қатарында Сәкен Бибосынов (48 келі), Қайрат Ерәлиев (57 келі), Закир Сафиуллин (63 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Тұрсынбай Құлахмет (75 келі), Бекзат Нұрдәулетов (81 келі), Василий Левит (91 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) бар.