29 жел, 2025 сағат 12:59

БҚО-да «ГАЗель» көлігі өзен үстіндегі мұзға түсіп, суға батып кетті

Фото: видеодан скриншот

28 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысында «ГАЗель» жүк көлігі ресми өткелден тыс жерде Шаған өзенінен өтпек болып, мұз астына түсіп кетті, деп хабарлайды Ult.kz Halyqstan порталына сілтеме жасап.

Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға сағат 12:35 шамасында Бәйтерек ауданында, Октябрьское ауылының маңында болған. Жүргізуші қала жақтан үйіне қайтып бара жатып, айналма жолмен жүрмеу үшін өзенді мұз үстімен кесіп өтпек болған. Алайда мұз қабаты көліктің салмағына шыдамай, опырылып түскен.

Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Жүргізуші дер кезінде көліктен секіріп шығып, аман қалған. Аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.

Түстен кейін оқиға орнына құтқарушылар жетіп, сүңгуірлердің көмегімен арқан ілініп, жүк көлігі судан шығарылды.

Төтенше жағдайлар департаменті өңірдегі су айдындарындағы мұздың әлі де жұқа әрі қауіпті екенін еске салды. Құтқарушылар тұрғындарды рұқсат етілмеген жерлерде мұз үстіне шықпауға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.