17 мау, 2022 сағат 10:28

«Бір рет қана эмоцияма ерік берген едім»: Перуашев жылаған сәті туралы

фото: ашық дереккөзден

Қазақстандық вайнер, домбырашы Алексей Лодочников депутат Азат Перуашевтың Елбасы биліктен кеткен кезде көз жасына ерік бергенін еске алып, халық қалаулысынан эмоциясын ұстай алмайтын сәттермен қалай күресетінін сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Бәріміз адамбыз, бәрімізде сезім бар. Мен интернетте бір видео көріп қалдым, онда сіз өзіңіздің эмоцияңызды ұстай алмай қалдыңыз. Мұндай сәттер жиі болып тұра ма, онымен қалай күресесіз?”, – деп сұрады Лодочников Перуашевтан.

Депутат эмоцияны жасыруға тырысудың қажеті жоқ екенін айтты.

“Ондай сәттер сирек болады. Бір рет қана эмоцияма ерік берген едім, оны бүкіл интернет талқылап жатыр. Аман болсын…(Елбасы – ред.) Бәрі дұрыс. Ер азаматтың да жылайтын жөні бар”, – деді Азат Перуашев.

Еске сала кетейік, 2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Президенттік өкілеттігін тапсырған кезде Азат Перуашев көз жасына ерік берген болатын.