Фото: Nur.kz
Беташар ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізілді. Бұл туралы мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің желідегі парақшасында хабарлады.
Мұндай шешім Парагвай астанасы Асунсьонда өткен ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау комитетінің отырысында қабылданған.
"Қазақтың ежелгі салттарының бірі Беташар Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енгізілді", - деп жазды Қарин.
Беташар — қазақтың келін түсіргенде жасалатын салтының бірі. Шымылдық ішінде отырған келіннің басына орамал жауып, той өтіп жатқан үйдің ең жақын, үлгілі келіндері екі жағынан қолтықтап алып шығады. Беташардың тәрбиелік мәні зор болғандықтан, келіншектің екі жағына тұратын әйелдер жесір, жеңілтек, т.б. болмауы қатаң ескеріледі.
Орамалдың теңге түйілген ұшын домбыраның мойнына не таяқтың ұшына байлап, жырау беташар жырын бастайды. Ол шаңыраққа жаңа түскен келінге ата-енесін, үй-ішін таныстырады, әрқайсысына жеке-жеке сәлем жасатады. Сәлем алған адам жас келінге беретін сый-сыяпатын атайды.