Фото: ашық дереккөз
Қазақстандық 17 жастағы теннисші Заңғар Нұрланұлы Australian Open турнирінің жасөспірімдер санатында сәтті өнер көрсетіп, жартылай финалға жолдама алды, деп хабарлайды Ult.kz.
Ширек финалда ол Гонконг өкілі Кай Томпсонмен кездесіп, тартысты өткен үш сет нәтижесінде жеңіске жетті — 3:6, 7:6 (7:4), 6:4.
Жартылай финалға шығу жолындағы матч Заңғар үшін аса ауыр болды. Үш сағатқа жуық уақытқа созылған кездесудің шешуші сетінде спортшының аяғының бұлшық еті құрысып, медициналық көмектің көмегіне жүгінуге тура келді. Соған қарамастан, Нұрланұлы матчты өз пайдасына аяқтай білді.
Айта кетейік, жас теннисші бұған дейін де ірі жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен. Өткен жылы ол US Open турнирінің жасөспірімдер арасындағы сайысында да жартылай финалға дейін жеткен еді.
Түркістан облысының тумасы соңғы бір жыл ішінде жоғары деңгейдегі жасөспірімдер турнирлеріне тұрақты қатысып келеді. Қыркүйек айында өткен US Open жартылай финалында ол жасөспірімдер арасындағы әлемнің бірінші ракеткасы, болгариялық Иван Ивановқа жол берді.
Қазіргі таңда Заңғар Нұрланұлы Мельбурнде чемпиондыққа бір табан жақын. Бұған дейін ол таиландтық Кунанан Пантараторнды екі сетте — 6:2, 6:1 есебімен жеңіп, кейін 15 жастағы австралиялық Таика Такизавамен өткен кездесуде үш сетте басым түсті — 7:5, 1:6, 6:3.
Еске сала кетсек, қазіргі уақытта Australian Open турнирінде Қазақстан атынан үш теннисші өнерін жалғастырып жатыр. Заңғар Нұрланұлымен қатар, әйелдер арасында Елена Рыбакина финалда Беларусь өкілі Арина Соболенкомен кортқа шығады. Ал Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен жұптық сайыстың финалында бақ сынайды.
Барлық үш матч та сенбі, 31 қаңтар күні өтеді.
