06 ақп, 2026 сағат 12:10

Атырауда қатарластарын балтамен қуалаған оқушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Фото: видеодан скриншот

Оқиға 5 ақпан күні болған. Салдарынан екі оқушы жеңіл дене жарақатын алды, деп хабарлайды Ult.kz.

– Хабарлама түскен бойда оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жетіп, жасөспірім анықталып, ұсталды. Оқиғаға қатысушылар мен олардың ата-аналары полиция бөліміне жеткізілді. Аталған дерек бойынша бұзақылық фактісімен қылмыстық іс қозғалды. 15 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, Ішкі істер органдарының есебіне алынды, - деп мәлімдеді ПД баспасөз қызметі.


Жинақталған материалдар шешім қабылдау үшін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданған. Сондай-ақ жасөспірімнің ата-анасына қатысты кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалды.

– Қылмыстық іс аясында қылмысқа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы білім беру бөліміне ұсыныс енгізілді. Тергеу қорытындысы бойынша білім беру ұйымының лауазымды тұлғаларының, сондай-ақ оқу орнын күзетуді жүзеге асырған күзет агенттігі қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады, - делінген ПД ресми мәлімдемесінде.