Фото: Видеодан скриншот
Атырау облысында полицейлер рөлде келе жатып есінен танып қалған жүк көлігі жүргізушісін құтқарып қалды, деп хабарлайды Ult.kz.
Оқиға 12 сәуір күні Атырау – Құлсары тас жолында болған. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері Мақат ауданынан іссапардан қайтып келе жатып, жол шетіне шығып кеткен Shacman жүк көлігін байқайды.
Көлікке жақындаған тәртіп сақшылары жүргізушінің ес-түссіз жатқанын анықтап, бірден алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Сонымен қатар жедел жәрдем шақырылған.
Дәрігерлер келген соң 43 жастағы Өзбекстан азаматы медициналық мекемеге жеткізілді.
Құзырлы органдардың мәліметінше, дер кезінде көрсетілген көмек жүргізушінің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берген.
