02 шіл, 2022 сағат 10:44

Алматы облысында шарап зауыты қалдықтарын ауылға төгіп жүр


Алматы облысында шарап зауыты қалдықтарын ауылға төгіп жүр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.

Алматы облысында шарап зауыты Шалқар ауылының шетін өндірістік қалдықтарын құятын алаңға айналдырған. Айналаға жайылған сасық судың кесірінен елді мекенге кейіннен қосылған тұрғындар жер учаскелеріне үй сала алмай сергелдеңке түскен.

Оған қоса, кәсіпорынның қалдығынан шыққан жағымсыз иіс бүтін бір ауылға тарап, бұқара есік-терезелерін қымтап отыруға мәжбүр. Содан жұрт шу шығарды.

Тілшінің сөзінше, ауылдың ішінде орналасқан шарап зауытының басшысы жұмыс орнында жоқ екен. Кәсіпорын қызметкерлері есіктерін ашпай, сұхбат бермейтіндерін ашық айтқан.

Ал Жандосов ауылдық округінің әкімдігі бұл мәселеден хабардар. Атқамінерлер экологтар қалдық судан сынама алғанын жеткізді. Бірақ оның қорытындысы әлі шықпапты. Алып кәсіпорынның әрекетін қазір тиісті органдар тексеріп жатыр екен.

"Біз енді тиісті мекемелерге хатпен шықтық, себебі ол жерге қаншалықты қалдық суларды төгу заңды, заңды емес екенін анықтау үшін. Ал енді ол жерден экология депортаменті сынамасын алды. Бүгінгі таңда сол нәтижесі шықаннан кейін, ол енді анықталады. Егер ол жерге заңсыз төгіліп келген болса, онда әрине жаңағы департамент тарапынан, мүмкін айыппұл салынып, шара қолданатын шығар", - деді Жандосов ауылдық округі әкімінің орынбасары Ләйлә Белкәйірова.

Тұрғындар зауыт қалдықтарын ен далаға емес кәріз жүйесіне ағызсын деген талап қойды. Заңсыздық тоқтамаса шалқарлықтар кәсіпорынды сотқа бермек.