Фото: Instagram/janibek_alimkhanuly
Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг ісі бойынша тәртіптік тыңдау өтетін күнді ресми түрде жариялады. Федерацияның мәліметінше, іс 19 қаңтарда қаралады, деп хабарлайды Ult.kz.
Федерация президенті Рахымжан Ерденбеков бұл ақпаратты сенбі, 10 қаңтар күні әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Оның айтуынша, тыңдау қолданыстағы регламенттерге, процестік әділдік қағидаттарына, кінәсіздік презумпциясына және халықаралық антидопингтік стандарттарға толық сәйкес жүргізіледі.
Сондай-ақ федерация түпкілікті шешім шыққанға дейін әртүрлі алыпқашпа әңгімелер мен көпшілік алдында жасалатын қорытындыларды орынсыз деп санайтынын атап өтті.
«Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясы спорттың тазалығын сақтауды, спортшылардың құқықтарын қорғауды және федерацияның институционалдық тәуелсіздігін жүйелі түрде қамтамасыз етіп келеді», – делінген ресми мәлімдемеде.
Рахымжан Ерденбеков істің әрі қарайғы барлық процестік қадамдары туралы қосымша ақпарат ресми түрде жарияланатынын жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін федерация басшысы Жәнібек Әлімханұлының допинг-бақылауына қатысты B сынамасын ашу және талдау рәсімі жүргізілетінін хабарлаған болатын. Оның сөзінше, бұл кезең – істің құқықтық бағасы мен спортшының болашақ мансабына тікелей әсер ететін маңызды саты. B сынамасының ресми қорытындысы шыққанға дейін қазақстандық боксшы кінәсіз деп есептеледі.
