05 ақп, 2026 сағат 18:08

Ақтөбеде драма театрының актері қоқыс көлігінен спорттық медальдарды тауып алды

Фото: видеодан скриншот

Ақтөбе қаласында Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актері Абзал Құдайбергенов қоқыс шығарып жүрген сәтінде күтпеген олжаға тап болды, деп хабарлайды Ult.kz.

Актер тұрмыстық қалдықтарды шығаруға шыққанда, қоқыс тасымалдайтын көліктің артқы есігінде ілініп тұрған спорттық медальдарды байқап қалған. Оның айтуынша, ол арнайы техниканың жүргізушісінен медальдарды өзіне беруді сұраған. Нәтижесінде бір алтын, екі күміс және екі қола медаль актердің қолына тиген.

Аталған медальдардың кімге тиесілі екені және қандай спорттық жетістіктер үшін берілгені әзірге белгісіз.

Бұл оқиға әлеуметтік желілерде тез таралып, қоғамда қызу талқылауға себеп болды. Пікір білдірушілер түрлі болжамдар айтып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Кейбір қолданушылар марапаттардың қоқысқа тасталуын мемлекеттік рәміздер мен спорттық еңбекті құрметтемеу деп бағаласа, енді бірі медаль иесі спорттан көңілі қалған болуы мүмкін деген пікір білдірді.