Зейнетақы жинағын түгел басқарушы компанияға беруге болады: жаңа ереже күшіне енді

Зейнетақы жинағын түгел басқарушы компанияға беруге болады: жаңа ереже күшіне енді
ашық дереккөз

Қазақстанда 7 қыркүйектен бастап азаматтар зейнетақы жинағын толық көлемде жеке басқарушы компаниялардың сенімгерлік басқаруына бере алады. Бұған дейін жинақтың 50 пайызын ғана аударуға рұқсат етілген, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл жағдайда жеткіліктілік шегі ескерілмейді. Қазір зейнетақы активтерін басқаруға бес компания құқылы: BCC Invest, Сентрас Секьюритиз, Alatau City Invest, Halyk Finance және Tansar Capital.

Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, жеке басқарушы компаниялар шағын әрі икемді болғандықтан, инвестициялық мүмкіндіктерді жылдам пайдалана алады. Алайда жоғары табысқа ұмтылған азамат тәуекелді де ескеруі керек.

Салымшы басқарушы компанияны жылына бір рет ауыстыра алады. Жинақты Ұлттық банктің басқаруына қайтару үшін кемінде бір жыл күту қажет.

Өтінішті БЖЗҚ сайты, мобильді қосымшасы немесе өңірлік бөлімшелері арқылы беруге болады. Қаражат 30 күн ішінде сенімгерлік басқаруға аударылады.

Басқарушы компания банкрот болған жағдайда зейнетақы активтері Ұлттық банктің басқаруына қайтарылады.

Салымшылар басқарушы компаниялардың инвестициялық стратегиясы мен кірістілігін БЖЗҚ сайтынан көре алады.

Маңыздысы: бұл өзгеріс зейнетақы ақшасын қолма-қол шешіп алуға емес, оны толық көлемде инвестициялық басқаруға беруге мүмкіндік береді.