Заңды айналып өтпек болған: әскери билетке ақша берген тұрғын жауапқа тартылуы мүмкін

Заңды айналып өтпек болған: әскери билетке ақша берген тұрғын жауапқа тартылуы мүмкін
ашық дереккөз

Ақмола облысының Щучинск қаласында 23 жастағы тұрғын әскери билет алып беруге уәде еткен танысына 1,3 миллион теңге беріп, алданып қалған. Алайда ақшасын қайтаруды талап етіп, полицияға шағымданған азаматтың өзінің де әрекеті құқықтық бағалауға алынуы мүмкін, деп хабарлайды ult.kz.

Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға биыл мамыр айында болған. Қала тұрғыны танысына әскери билет рәсімдеуге көмектескені үшін 1,3 миллион теңге берген. Бірақ бірнеше ай өтсе де, уәде орындалмай, ақшасы қайтарылмаған. Амалы таусылған ер адам полицияға арызданған.

Аталған дерек бойынша алаяқтық бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің жеке басы анықталып, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар полиция арызданушының әрекеттерінен де заң бұзушылық белгілерінің бар-жоғын тексермек. Яғни, әскери билетті заңда белгіленген тәртіпті айналып өтіп алуға әрекеттенгені анықталса, оның өзі де жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Құқық қорғау органдары азаматтарды ресми құжаттарды заңсыз жолмен рәсімдеп беруге уәде ететін делдалдарға сенбеуге шақырды. Мұндай ұсыныстарға алданып, ақша жоғалтумен қатар, заң алдында жауап беру қаупі де бар.