Танымал тележүргізуші Дана Нұржігіт жақында жарық көретін "Көлеңке. 115-1" атты кітабына қатысты видео жариялап, жалғызбасты ананың тағдыры туралы сөз қозғады, деп хабарлайды ult.kz.
Тележүргізуші әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа туындысының мазмұнына тоқталып, көпшіліктің назарын жалғызбасты әйелдің өміріндегі күрделі жағдайға аударды.
Видеода ол жалғызбасты анаға айтылған кеңесті мысалға келтіріп, оның соңы күтпеген қайғылы оқиғаға ұласатынын меңзеген.
"Жалғызбасты ана! Шындыққа тіке қарайтын болсақ, сен бұрынғыдай сұлу адам емессің. "Жалғызбасты әйелдің етегін я ел, я жел ашады" деген сөз бар. Сондықтан сөйлесіп жүрген біреуің болса, етегінен ұста да, тәуекел ет!" – деген сөздерді келтіреді тележүргізуші.
Алайда мұндай кеңеске құлақ асқан әйелдің өмірі мүлде басқа арнаға бұрылады.
"Ол мықты азамат, сырлас досының бұл сөзіне құлақ түрді. Бірақ бұл әңгіме үлкен қасіреттің басы болатынын ол кезде ол білген жоқ", – дейді Дана Нұржігіт.
Белгілі болғандай, бұл әңгіме тележүргізушінің жеке өміріне қатысты мәлімдеме емес, оның жуырда жарық көретін "Көлеңке. 115-1" атты кітабындағы оқиға желісіне арналған.
Автор бейнежазба арқылы жалғызбасты ананың тағдырын таныстырып, бір ғана шешімнің адам өміріне қаншалықты әсер етуі мүмкін екенін көрсеткісі келген.
Айта кетейік, Дана Нұржігіт бұған дейін де сталкинг мәселесін қоғам назарында көтеріп, әйелдердің қауіпсіздігі мен құқығын қорғау тақырыбында пікір білдіріп жүрген.
Дана Нұржігіт кім?
Дана Нұржігіт – қазақстандық танымал тележүргізуші, журналист және қоғам қайраткері. Ол көпшілікке отандық телевизиядағы ұзақ жылғы қызметі арқылы танылды. Дана Нұржігіт 1972 жылы 10 сәуірде дүниеге келген. Ол еңбек жолында ақпараттық және танымдық бағдарламаларды жүргізіп, көрерменнің ықыласына бөленді. Тележүргізуші "Қазақстан" ұлттық телеарнасында қызмет атқарып, түрлі телевизиялық жобаларға қатысты. Сонымен қатар ол "Хабар" агенттігінде де жұмыс істеді. Журналистика саласындағы еңбегі үшін кәсіби ортада танымал болды.
1995 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдаған. Еңбек жолын музыка саласынан бастап, кейін журналистикаға бет бұрды. 1997 жылы "Хабар" агенттігінде жаңалықтар жүргізушісі болып жұмыс істей бастады. Оның көпшілікке кеңінен танылған жобаларының бірі – "Дара жол" бағдарламасы. Бұл бағдарламада еліміздің дамуына үлес қосқан танымал тұлғалардың өмірі мен жетістіктері таныстырылды. 2019 жылы Дана Нұржігіт Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды. Ол бұл қызметті 2023 жылғы қаңтарға дейін атқарды. Сенаттағы жұмысы аяқталғаннан кейін қайтадан шығармашылық қызметіне оралды.