Маңғыстауда туризмді дамытуға арналған мемлекеттік қолдау қаржысы жеке кәсіпкердің заңсыз пайдасына айналған. Сот кәсіпкерді 117,2 млн теңге бюджет қаражатын алаяқтық жолмен иемденіп, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырғаны үшін кінәлі деп тапты, деп хабарлайды ult.kz.
Маңғыстау облысы прокуратурасының мәліметінше, жеке кәсіпкер «А» демалыс базасының құрылысын жүргізуге жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу үшін мемлекеттен субсидия алған. Алайда кәсіпкер ұсынған жобалық-сметалық құжаттарда орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі негізсіз көбейтілгені анықталған.
Тексеру кезінде демалыс нысаны мемлекеттік қолдау шаралары енгізілгенге дейін салынып қойғаны белгілі болды. Сонымен қатар құжаттарда көрсетілген құрылыс жұмыстарының бір бөлігі іс жүзінде орындалмаған.
Осылайша кәсіпкер мемлекеттен 117,2 млн теңге көлемінде субсидияны заңсыз алған.
Іс мұнымен шектелмеген. Жымқырылған бюджет қаражаты банк депозитіне орналастырылып, одан тағы 5,6 млн теңге кіріс алынған. Тергеу бұл әрекетті қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру ретінде бағалаған.
Ақтау қалалық сотының үкімімен жеке кәсіпкер «А» аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру қылмыстарын жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Прокуратура мемлекеттік қолдау бағдарламалары арқылы бөлінетін бюджет қаражатын заңсыз иемденгендер заң алдында жауап беретінін ескертті.