Газа секторын 2007 жылдан бері ХАМАС басқарып келді. Осы уақыт ішінде ұйым тек қарулы топ қана емес, іс жүзінде бүкіл аймақтың үкіметіне айналды. Денсаулық сақтау, білім беру, полиция, мемлекеттік қызмет – бәрі ХАМАС құрған әкімшілік арқылы басқарылды.
Яғни ХАМАС деген кәдімгі үкімет десе болады, Еуропа Одағы, АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Аустралия сияқты елдер оны террористік деп таныса, ал Ресей, Түркия, Иран, Қытай олай ойламайды. Қазақстан да ұйымға мұндай айдар тақпаған.
Бірақ енді жағдай өзгеруі мүмкін. Саудиялық Asharq Al-Awsat пен Al Hadath басылымдарының мәліметінше, ХАМАС өзінің үкіметін таратып, азаматтық басқаруды тәуелсіз технократтар комитетіне беруге дайындалып жатыр.
Бұл – жай ғана кадрлық ауыс-түйіс емес. Егер бұл жоспар жүзеге асса, ХАМАС алғаш рет Газадағы күнделікті мемлекеттік басқарудан шеттеп, билікті басқа құрылымға береді.
Бірақ бір маңызды сұрақ бар. Бұл ХАМАС биліктен толық кетеді деген сөз бе? Әрине, жоқ. Әңгіме тек азаматтық басқару туралы болып отыр.
Яғни мектептер, ауруханалар, коммуналдық қызметтер мен мемлекеттік мекемелерді жаңа комитет басқарады. Ал ХАМАСтың қарулы қанаты мен әскери құрылымы әзірге сақталады. Жаңа комитет шамамен жарты жыл бұрын АҚШ ұсынған атысты тоқтату бастамасы аясында құрылған. Оны доктор Әли Шаат басқарады. Оның құрамына палестиналық саяси күштердің өкілдері мен тәуелсіз мамандар енген.
Ең күрделі мәселе – Газадағы атыс. Бұл жағдай әлі де өзгерген жоқ. Израильдің ұстанымы өте қатаң. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху: "ХАМАС қаруын тастамайынша, Газаны қалпына келтіруге мүмкіндік бермейміз", – деді.
Ол Израиль әскері Газадағы қауіпсіздік белдеулерін сақтап қалатынын да мәлімдеді. Ал ХАМАС мұнымен келіспейді.
Ұйым қарудан бірден бас тартпайтынын, бұл мәселе кезең-кезеңімен шешілуі керек екенін айтып отыр. Сонымен бірге Израиль әскерінің Газа секторынан толық шығуын талап етеді.
Израильлік Kan телеарнасының хабарлауынша, ХАМАС келіссөздерді әдейі созып отыр. Ұйымның есебінше, Нетаньяху да Израильдегі алдағы сайлауға байланысты маңызды шешім қабылдауға асықпайды. Сондықтан екі тарап та бір-бірінің келесі қадамын күтіп отырғандай.
Тағы бір күрделі мәселе бар. Қазір ХАМАС әкімшілігінде шамамен 50 мың мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. Егер билік жаңа комитетке өтсе, бұл адамдардың тағдыры не болады? Олар жаңа әкімшілікке қабылдана ма, әлде жұмыстан шығарыла ма? Бұл сұраққа әзірге нақты жауап жоқ және дәл осы мәселе келіссөздердің ең даулы тақырыптарының біріне айналған.
Сондықтан бүгінгі жаңалықты «ХАМАС таратылды» деп қабылдауға болмайды. Дұрысы – ХАМАС Газадағы азаматтық билікті басқа құрылымға беруге дайын екенін көрсетіп отыр.