Үндістанда ер адам екі қыздың анасы болған әйелін «ұл тумады» деген себеппен өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ult.kz.
Анұ Бансал күйеуі Манодж Бансалмен 2000 жылы шаңырақ көтерген. Ерлі-зайыптылардың екі қызы болған. Алайда күйеуі мен оның туыстары әйелден ұл бала дүниеге әкелуді талап еткен. Сотта марқұмның қыз босанғаны үшін ұзақ уақыт бойы психологиялық және физикалық қысым көргені айтылған.
Бастапқыда полиция қылмыстық істі адам өлтіру фактісі бойынша тіркегенімен, кейін оқиғаны суицид ретінде саралаған. Алайда Анұның қыздары істі қайта қарауды талап еткен. Нәтижесінде тергеу қайта басталып, сотта қыздары анасының өліміне қатысты маңызды куәлік берген.
Сот Манодж Бансалды әйелін «ұл тумағаны» үшін өлтіргені бойынша кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.