Төрт адамды балталап өлтірген адам түрмеге емес, психиатриялық емге кетті

Төрт адамды балталап өлтірген адам түрмеге емес, психиатриялық емге кетті
Ашық дереккөзден

Ақмола облысының Аршалы ауданында төрт адамның өліміне себеп болған ер адамға қатысты сот шешімі шықты. Облыстық соттың мәліметінше, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылып, мамандандырылған психиатриялық стационарда мәжбүрлі ем қабылдайтын болды, деп хабарлайды ult.kz.

Сот материалдарына сәйкес, ер адам бұған дейін де құқық қорғау органдарының назарында болған. 2016 жылы ол бас бостандығын шектеу жазасына кесіліп, қоғамдық жұмыстарға тартылған. Ал 2022 жылы психиатриялық ауруханада мәжбүрлі ем алған. 2023 жылдан бері оған «параноидты шизофрения» диагнозы қойылып, психиатрдың тұрақты бақылауында болған.

Қайғылы оқиға биыл наурыз айында болған. Тергеу дерегіне сәйкес, ер адамның ұялы телефоны істен шығып, осыған байланысты жиенімен жанжал туған. Жиені полиция шақырғанымен, анасы құқық қорғау қызметкерлерінен ұлына шара қолданбауды өтінген. Полиция кеткеннен кейін ер адам ашуға мініп, үйдегілерге асүй балтасымен шабуыл жасаған.

Салдарынан оның анасы, екі зейнеткер және жиені оқиға орнында қаза тапқан. Құрбандардың үшеуі егде жастағы адамдар болған.

Сот-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша, қылмыс жасалған сәтте ер адам созылмалы психикалық дертке шалдыққандықтан, өз әрекетінің мәнін түсіне алмаған. Сондай-ақ ол тергеу әрекеттеріне қатысуға және сот алдында жауап беруге қабілетсіз деп танылған.

Осыған байланысты сот оны Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 1 және 5-тармақтарында көзделген қоғамдық қауіпті әрекетті есі дұрыс емес күйде жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатып, қатаң оқшаулау жағдайындағы мамандандырылған психиатриялық стационарда мәжбүрлі емдеуді тағайындады.

Қазір ол Алматы облысы Талғар ауданындағы республикалық психиатриялық ауруханаға орналастырылған. Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.