Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вице-Президент Ерлан Қаринді қабылдап, жаңа қызметінің негізгі бағыттарын айқындады, деп хабарлайды ult.kz.
Кездесу барысында Президент Вице-Президент лауазымы Қазақстан Республикасының Конституциясымен бекітілгенін атап өтіп, оның мемлекеттік басқару жүйесінде ерекше маңызға ие екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Қаринге бірқатар нақты міндет жүктеді.
Атап айтқанда, Вице-Президентке Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде Мемлекет басшысының атынан өкілдік ету тапсырылды.
Сонымен қатар Ерлан Қарин мемлекеттік саясаттың негізгі мәселелері бойынша Президенттің ұстанымын жеткізетін болады.
Мемлекет басшысы Вице-Президенттің жаңа қызметі аясындағы жұмысына қатысты негізгі міндеттерді белгілеп, мемлекеттік органдармен тиімді өзара іс-қимылдың маңызын атап өтті.