«Тентек кәдеде» су жаңа құдасынан таяқ жеген адамның тісі сынып, басы жарылған

«Тентек кәдеде» су жаңа құдасынан таяқ жеген адамның тісі сынып, басы жарылған
Коллаж: видеодан кадр

«Тентек кәденің» соңы дауға ұласты. Дәстүрді орындамақ болған ер адам құдасынан сыйлықтың орнына соққы алған. Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, оқиға Орал қаласында болған, деп хабарлайды ult.kz.

Әлеуметтік желіде тараған видеода «тентек кәде» сұраған ер адамды екінші адамның бір ұрып құлатқаны көрінеді. Кейін видеоға қоса оқиғаның мән-жайы баяндалған аудиожазба да тараған.

Аудио авторының айтуынша, той кезінде ауылдың «тентектері» кейпіндегі бірнеше адам оны ортаға сүйреп шығарып, кәде сұраған. Алайда бұл әрекет құдасына ұнамай, олардың біріне соққы жасаған.

«Талып қалып, 40 минуттан кейін травмпункте есін жиған. Заявление жазып тастап, сонымен істі болған жайдайым бар. Бірақ шешілгендей болды әйтеуір. Жігіттермен барып, кешірімімізді алып, кішкене тиын-тебенін беріп… Тісі кеткен, кафельге құлағанда қабырғасы сынған. Сосын басы жарылған. Бірақ, шүкір. Мичуринде сынықшы бар екен. Соған апарып келген екен», – дейді аудио авторы.

Оның сөзінше, ер адам соққыдан кейін бірнеше жарақат алған. Алайда бұл ақпараттың рас-өтірігін әзірге ресми органдар растаған жоқ.

Оқиғаның нақты қашан болғаны және оған қатысты қандай да бір құқықтық шешім қабылданғаны туралы әзірге ресми мәлімет жоқ.

Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы оқиғаға қатысты пікір білдірмеді.