"Тасмағамбетовтен Нығматулиндерге дейін": Досхан Жолжақсыновтың тойы жұртты таңғалдырды

"Тасмағамбетовтен Нығматулиндерге дейін": Досхан Жолжақсыновтың тойы жұртты таңғалдырды
Фото-коллаж: ult.kz

Қазақстанның Халық әртісі, танымал актер әрі режиссер Досхан Жолжақсынов 75 жасқа толған мерейтойын Алматыда атап өтті. Салтанатты кешке еліміздің өнер, саясат және бизнес саласындағы белгілі тұлғалары жиналған. Әлеуметтік желіде мерейтойдан түсірілген суреттер мен видеолар кеңінен тарады, деп хабарлайды ult.kz.

Мерейтойға жиналған қонақтардың арасында Қазақстанның Ресейдегі бұрынғы елшісі Иманғали Тасмағамбетов, бұрынғы мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, ағайынды Нығматулиндер, бұрынғы мемлекеттік қызметкерлер Тамара Дүйсенова, Дархан Қалетаев, Қуаныш Сұлтанов және Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталов болғаны хабарланды.

Желіде тараған мәліметтерге сүйенсек, мерекелік кеште алғашқы құттықтау сөз Иманғали Тасмағамбетовке берілген. Қонақтар мерейтой иесінің қазақ киносы мен театр өнеріне қосқан үлесін атап өтіп, жылы лебіздерін білдірген.

Мерейтойдан кейін Досхан Жолжақсыновтың жары Қарагөз Сүлейменова әлеуметтік желідегі парақшасында кештен түсірілген суреттерді жариялап, қуаныштарын бөлісуге келген қонақтарға алғыс білдірді.

"Кешегі кештің жылуы әлі де жүректе... Досханның 75 жылдық мерейтойында жанымыздан табылып, қуанышымызды бірге бөліскен барша қонақтарға шын жүректен алғыс айтамын. Жылы лебіздеріңіз, ақ тілектеріңіз, ықыластарыңыз бен құрметтеріңіз бұл кешті біз үшін одан сайын қымбат етті. Осындай сәттерде қасыңда жүрген адамдардың қадірін ерекше сезінесің", – деп жазды Қарагөз Сүлейменова.

Осылайша, Досхан Жолжақсыновтың 75 жылдық мерейтойы өнер мен қоғам қайраткерлерінің басын қосқан айтулы кештердің біріне айналды.

Досхан Жолжақсынов кім?

Досхан Қалиұлы Жолжақсынов – Қазақстанның Халық әртісі, белгілі театр және кино актері, режиссер әрі әнші. Ол 1951 жылы 7 қазанда Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының Балықшы ауылында дүниеге келген. 2026 жылы өнер иесі 75 жасқа толды. Болашақ актер 1969 жылы Құрманғазы атындағы өнер институтының театр факультетіне түсіп, КСРО Халық әртісі Хадиша Бөкееваның шеберханасында білім алған.

Еңбек жолын Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында бастап, кейін осы өнер ордасының директоры әрі көркемдік жетекшісі қызметін атқарған. Шығармашылық ғұмырында театр сахнасы мен кинода 200-ден астам кейіпкерді сомдаған. Ол "Гауһартас" фильміндегі Әскербек рөлі арқылы қалың көрерменге кеңінен танылды. Сондай-ақ "Даладағы қуғын", "Алтын күз", "Омпа", "Ақ барыстың ұрпақтары" және "Көшпенділер" фильмдерінде ойнаған. Актерлік қызметімен қатар режиссерлік өнерді де меңгеріп, тарихи тұлғалардың өмірін экранға шығаруға ден қойды.

2009 жылы қазақтың әйгілі әншісіне арналған "Біржан сал" көркем фильмін түсірді. Ал 2015 жылы Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының өмірін баяндайтын "Құнанбай" тарихи фильмінің режиссері әрі басты рөлді орындаушысы болды. Бұл туынды қазақ кино өнеріндегі маңызды тарихи жобалардың бірі ретінде танылды. Досхан Жолжақсынов 1995 жылы Қазақстанның Халық әртісі атағын алып, 1996 жылы Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі атанды. Сондай-ақ ол 1996 және 2016 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Өнер саласындағы еңбегі үшін "Құрмет" және "Отан" ордендерімен марапатталған.