Танымал қазақстандық ақын көз жұмды

Танымал қазақстандық ақын көз жұмды
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Ақын әрі журналист Жанна Елеусіз дүниеден озды. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағы мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Жанна Елеусіз 1970 жылғы 22 қарашада Ақтөбе қаласында туған. 1992 жылы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген.

Қазақ әдебиетінде сыршыл өлеңдерімен танылған ақынның «Мен сүйетін дүние», «Тіршілік трилогиясы» атты жыр жинақтары жарық көрді. Оның шығармаларына терең ой, нәзік сезім мен мұң тән. Әдеби ортада ақынның осындай қолтаңбасын «ақсүйек поэзия» деп бағалаған.

1995 жылы Абайдың 150 жылдығына орай ұйымдастырылған мүшәйрада жүлдегер атанған.

Қазақстан Жазушылар одағы ақынның отбасы мен жақындарына және оқырмандарына көңіл айтты.

Жанна Елеусіз кім? 
 

Жанна Елеусіз аудандық «Шалқар» газетінде тілші болып жұмыс істеген. Оның өлеңдері Ақтөбе өңірі қаламгерлерінің «Жәдігер» әдеби антологиясына және «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен жарық көрген 50 томдыққа енген.

Ақынның шығармашылығын қаламгерлер Мейірхан Ақдәулет, Ертай Ашықбаев және Аягүл Мантай арнайы талдаған. Мейірхан Ақдәулет оны әдебиеттегі «жеке құбылыс» деп бағалап, өзін жарнамалауға ұмтылмайтынын айтқан. Сондай-ақ Жаннаны Фариза Оңғарсыноваға өтініш айтып, Астанаға әрең апарғанын еске алған.

Жанна Елеусіздің поэзияға қатысты өзіндік ұстанымы болған. Бағашар Тұрсынбайұлымен әңгімесінде ол қазақ өлеңінде ой мен сезімнің қайталана беретінін айтып, өткен ғасырдың басындағы орыс поэзиясындағы түрлі ағымдардың тартысына қызығатынын жеткізген. Ақын өлеңде оқырманды еліктіруден гөрі салқындықты жақын көретінін айтқан.

Ертай Ашықбаев оның жырларындағы дара мінез бен ерекше бейнелерге назар аударған. Қаламгер Жаннаның поэзиясын адамды бейқамдықтан сақтандыратын, әлсізге араша түсіп, жанның ауыртпалығын жеткізетін өлеңдер ретінде сипаттаған.