Алматы облысының Талғар ауданында зорлау туралы арызға дер кезінде әрекет етпеді деген күдікпен төрт полиция қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың екеуіне сот үкімі шықса, біреуі іздеуде жүр, деп хабарлайды ult.kz.
«Время» порталының мәліметінше, қайғылы оқиға 2025 жылдың қыркүйегінде Қызылқайрат ауылында болған. Ер адам танысының 27 жастағы ағасын атып өлтіріп, оның екі жасар қызын алып кеткен. Арнайы жасақ кейін баланы құтқарды, күдікті ұсталды.
Тергеу барысында осыдан бірнеше күн бұрын баланың анасы полицияға зорлау туралы арызданғаны анықталды. Алайда күдіктіге қатысты тиісті шара қолданылмаған. Тіпті әйелдің туыстары оны полицияға жеткізгенімен, арыз тиісті деңгейде тіркелмей, ол босатылған.
2026 жылғы наурызда негізгі айыпталушы зорлау, адам өлтіру және бала ұрлау қылмыстары бойынша 25 жылға сотталды. Оның екі кәмелетке толмаған сыбайласы тоғыз жылдан бас бостандығынан айырылды.
Полиция қызметкерлеріне қатысты бөлек қылмыстық іс қозғалды. Учаскелік инспектор қызметтік салақтық пен жалғандық үшін 2,5 жылға сотталып, полиция атағынан айырылды. Бұрынғы полиция капитаны Мұсабай бес жылға бас бостандығынан айырылып, жәбірленушіге 4,5 миллион теңге төлеуге міндеттелді.
Ал тергеуші Хамитов 27 шілдеде қашып кеткен. Ол іздеуге жарияланған. Кей дерек бойынша, Түркияға ұшып кеткен болуы мүмкін.
Төртінші полицейге қатысты қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру фактісі бойынша іс тергелген. Оның соттағы тағдыры туралы әзірге ақпарат жоқ.