Талғарда 7 жастағы қызды зорламақ болған ер адам ұсталды

Талғарда 7 жастағы қызды зорламақ болған ер адам ұсталды
Фото: видеодан кадр

Алматы облысының Талғар ауданында 7 жастағы қызға күндіз көшеде шабуыл жасап, оны зорламақ болды деген 48 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға төрт күн бұрын болған. Бүлдіршін құрбыларының үйінен велосипедпен қайтып келе жатқан кезде, ер адам оны тоқтатып, велосипедің дөңгелегінің желі шыққанын айтқан.

Кейін күдікті қыздың аяғын сипап, оны автобустың тасасына алып кетпек болған. Сондай-ақ киімін шешуді талап етіп, арам ойын жүзеге асыруға әрекет жасаған. Алайда қыз қашып шығып, үйіне жеткен соң болған жағдайды анасына айтып берген.

Бүлдіршіннің айтуынша, ер адам мас болған. Қыздың берген сипаттамасы бойынша күдікті анықталып, полицияға жеткізілді.

Полиция мәліметінше, аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 124-бабы негізінде қылмыстық іс қозғалған. Күдікті қамауға алынған. Сонымен қатар оның бұған дейін адам өлтіргені үшін сотталған болуы мүмкін екені айтылды.

Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 7 жастағы қыз психологтардың бақылауында. Ата-анасы күдіктінің заң аясында қатаң жазаға тартылуын талап етуде.