Шымкентте фудтрак маңындағы жанжал: жасөспірім жарақаттанып, қылмыстық іс қозғалды

Шымкентте фудтрак маңындағы жанжал: жасөспірім жарақаттанып, қылмыстық іс қозғалды
Baltphoto

Шымкенттегі дендросаябақтың кіреберісінде орналасқан жылжымалы дәмхана маңында жанжал шығып, жасөспірім жарақат алды. Оқиға бойынша полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға 17 тамыз күні кешкі уақытта болған. Әлеуметтік желіде жанжалдан кейінгі жағдай түсірілген фотосуреттер тарады. Жазба авторының мәліметінше, оқиғаға фудтракта жұмыс істейтін кәмелетке толмағандар қатысқан.

Шымкент қаласы полиция департаменті бұл ақпаратты растады. Ведомство мәліметінше, жарақат алған жасөспірім медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілген. Оқиғаға қатысушылар анықталған.

Қазір полиция жанжалдың нақты қалай болғанын, оған не себеп болғанын және барлық қатысушылардың әрекетін анықтап жатыр.

Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерін жауапкершілікке тарту мәселесі қаралуда. Полиция ата-аналардың балаларды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындаған-орындамағанын тексермек.

Тексеру нәтижесінде оқиғаға қатысы бар барлық тұлғаның әрекетіне құқықтық баға беріліп, заңға сәйкес шара қабылданады.