Солтүстік Қазақстан облысында элеваторда астық кептіру кезінде екі жұмысшы айналып тұрған механизмнен жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ult.kz.
СҚО бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, оқиға 3 қыркүйек күні сағат 16:00 шамасында Дубровное ауылындағы «Агрофирма Мамлютская» ЖШС элеваторында болған.
Жұмысшылар астық кептіргіш қондырғысында дәннің кептіргішке үздіксіз берілуін бақылаған. Сол сәтте қондырғының жоғарғы бөлігінде жүрген слесарьдің шалбарының балағы айналып тұрған білікке ілініп кеткен. Киімі механизмге оралып, жұмысшы сол аяғынан ашық сынық алған.
Оған көмек көрсетуге тырысқан әріптесінің де қолы механизмге түсіп, оң жақ білегі сынған.
Оқиғаны байқаған жұмысшылар дереу электр қуатын өшіріп, қондырғыны тоқтатқан. Зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жедел жәрдем шақырылған. Екі жұмысшы да ауруханаға жеткізілді.
Оқиға мемлекеттік еңбек инспекциясының бақылауына алынды. Қазір өндірістегі жазатайым оқиғаның нақты себептері мен барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін жыл басынан бері өндірісте 727 жұмысшының зардап шеккенін хабарлаған едік.