Шығыс Қазақстан облысында мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана алып беремін деп 25 адамды алдап, 186 млн теңгеден астам шығын келтірген күдікті ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, 30 жастағы ер адам 2024 жылдың қарашасынан 2026 жылдың сәуіріне дейін азаматтарға пәтерлерді тиімді бағамен ұсынып, құжаттарды рәсімдеуге көмектесуге уәде берген. Ол жәбірленушілерден қолма-қол ақша алып, банк шоттарына аударым жасатқан.
Алаяқ ақша алғаннан кейін тұрғын үйді тіркеу, құжаттарды рәсімдеу сияқты қосымша шығындар қажет екенін айтып, қайта-қайта ақша талап еткен. Тіпті адамдарды алдау үшін пәтер жалдап, оны болашақ баспана ретінде көрсеткен.
Алайда жәбірленушілер уәде етілген пәтерге де, құжаттарға да қол жеткізе алмаған.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жауап алу кезінде кінәсін мойындаған.