Ақын Серікзат Дүйсенғазының әкесі Мақсұт Дүйсенғазыұлы қайтыс болды. Қаралы хабарды ол Instagram парақшасында жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.
Ақын әкесінен айырылғанын айтып, жаназаға қатысты мәліметті кейінірек жариялайтынын жазды.
"Бүгін асқар тау әкем Мақсұт Дүйсенғазыұлы Раббысына қайтты. Жаназасын қосымша хабарлаймыз", - деп жазды Серікзат Дүйсенғазы.

Айта кетейік, Серікзат Дүйсенғазы қайтыс болған ұлының өліміне қатысты шындықты айтты.
Серікзат Дүйсенғазы кім?
Серікзат Мақсұтұлы Дүйсенғазы – айтыскер ақын, жазушы, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты. Ол 1974 жылғы 8 желтоқсанда қазіргі Абай облысы Аягөз ауданының Тарбағатай ауылында дүниеге келген. Республикалық айтыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленген.
1997 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін, 1999 жылы әдебиеттану мамандығы бойынша магистратурасын бітірген. Еңбек жолында ҚазҰУ-дың студенттік мәдениет ұйымдарында басшылық қызметтер атқарған. 2002 жылдан бастап Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұстаздық етіп, ғылыми және шығармашылық жұмыстармен айналысқан.
Серікзат Дүйсенғазы көпшілікке айтыс өнерімен қатар өлеңдерімен де танылған. Шығармаларында туған жер, ата-ана, адам тағдыры мен өмірдің қадірі туралы толғанады. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие.