Семей студенттерінің картасы дропперлік схемаға тартылған

Семей студенттерінің картасы дропперлік схемаға тартылған
ашық дереккөз

Семейде интернет-алаяқтықтан түскен ақшаны аудару және қолма-қол ақшаға айналдыру үшін алты студенттің банк картасы пайдаланылғаны анықталды. Бір студенттің шотына ғана 25 адамнан 16 млн теңгеден астам қаражат түскен, деп хабарлайды ult.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің мәліметінше, тергеу барысында жергілікті университеттің алты студенті анықталып, олардан жауап алынған. ҚМА мәліметінше, студенттерге тиесілі банк карталарына ақша қабылданып, кейін қаражат бірнеше бөлікке бөлініп, басқа шоттарға аударылған.

Мұндай тәсіл ақша қаражатының шығу тегін жасырып, қаржы қозғалысын бақылауды қиындатқан. Кейін түскен қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған.

ҚМА анықтағандай, аталған шоттарға ақша аударған азаматтардың барлығы интернет-алаяқтық істері бойынша жәбірленушілер болған. Олардың қатарында Абай, Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан, Атырау, Батыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Жамбыл және Алматы облыстарының, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларының тұрғындары бар.

Қазір тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жарияланбайды.