Риддерде омартадағы ер адамға аю шабуылдады

Риддерде омартадағы ер адамға аю шабуылдады
Видеодан скриншот

Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында омартада жұмыс істеп жүрген ер адамға аю тап берген. Абырой болғанда, қасындағы адамдар дер кезінде көмекке келіп, оны жыртқыштан арашалап қалған, деп хабарлайды ult.kz.

Зардап шеккен тұрғын түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізіліп, қажетті ем қабылдағаннан кейін үйіне шығарылды. Бұл туралы «24KZ» телеарнасы хабарлады.

Мамандардың айтуынша, өңірде аюлардың елді мекендерге жақындау жағдайы жиілеген. Орман және аңшылық шаруашылығы өкілдеріне тұрғындардан жыртқыштарға қатысты 40-қа жуық шағым түскен.

Аюлар әсіресе Алтай, Риддер, Ұлан және Марқакөл маңында жиі байқалады. Сарапшылар мұны ормандағы азық қорының азаюымен байланыстырады. Биыл көктем ұзаққа созылып, жаз құрғақ болған. Соның салдарынан орманда жидек пен саңырауқұлақ азайған.

Мамандар тұрғындардың ауыл шетіне тамақ қалдықтары мен қоқыс тастауын да қауіпті факторлардың бірі деп отыр. Аш жыртқыш қоқыстың иісіне оңай тартылады.

– Жағдай былтырғыдай болып тұр. Инспекторлар тұрғындардың шағымдары бойынша елді мекендерге шығып, аюларды үркіту жұмыстарын жүргізіп жатыр, – деді ШҚО Орман және аңшылық шаруашылығы жедел қимыл отряды бастығының орынбасары Сергей Карманников.