Ресейде коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы партиясы айналымға шықты

Ресейде коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы партиясы айналымға шықты

Коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасының алғашқы партиясы азаматтық айналымға шығарылды.

Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің айтуынша, дәрі-дәрмекті жақын арада Ресей өңірлеріне жеткізу көзделіп отыр, деп хабарлайды ресейлік ТАСС агенттігі. 

«Жаңа коронавирустық инфекцияның алдын алуға арналған вакцинаның алғашқы партиясы – «Гам-Ковид-Вак» (Спутник V) қажетті сапа сынақтарынан өтіп, азаматтық айналымға шығарылды», – делінген хабарламада. 

Сынақтар Ресейдің Денсаулық сақтауды қадағалау қызметінің зертханаларында жүргізілген. 

Вакцинаны Гамалея атындағы ұлттық эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығы жасаған. 

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Михаил Мурашко: «Бұл кезеңдегі азаматтық айналым – тәуекел тобындағы тұрғындарды, атап айтқанда, мұғалімдер мен дәрігерлерді вакциналау. Ол тіркеуден кейінгі клиникалық зерттеулермен қатар жүргізіледі», – деп түсіндірген болатын.