«Қызымды 12 жерден пышақтаған»: Абай облысында 20 жастағы Ділназдың ата-анасы әділдік талап етті

«Қызымды 12 жерден пышақтаған»: Абай облысында 20 жастағы Ділназдың ата-анасы әділдік талап етті
Кадр: "КТК" арнасы

Абай облысында 20 жастағы Ділназ Жұмағұлованы өлтірді деген күдікпен оның бұрынғы жігіті қамауға алынған. Марқұмның ата-анасы қылмыстың аса қатыгездікпен жасалғанын айтып, істі ауыр бап бойынша қайта саралауды және кінәліге ең қатаң жаза тағайындалуын талап етіп отыр, деп хабарлайды ult.kz.

КТК арнасының мәліметінше, Ділназ – отбасындағы жалғыз перзент. Семейдегі Шәкәрім университетінің екінші курсында тарих және география мамандығында білім алған. Кәріс және ағылшын тілдерін меңгерген бойжеткеннің өмірі 13 шілдеде үзілген.

Сол күні Ділназ құрдастарымен кездесіп, ауыл ішінде серуендеуді жоспарлаған. Алайда достары үйден шықпай қалған. Келесі күні таңертең бойжеткеннің денесі көшеден табылған.

Марқұмның әкесі Сабыржан Темірханның айтуынша, қызының денесінен бірнеше пышақ жарақаты анықталған. Оның сөзінше, бойжеткеннің басынан да ауыр жарақат алғаны сараптама кезінде белгілі болған.

«Содан кейін тастаған. Үстіндегі курткасын шешіп алған. Соның бәрін алып, мына жақтағы орманға апарып, телефоны мен курткасын тығып тастаған», – дейді Ділназдың әкесі.

Қылмысқа күдікті ретінде 20 жастағы бұрынғы жігіті ұсталған. Ол Ділназбен Бородулиха ауылындағы мектептердің бірінде қатарлас сыныпта оқыған.

Марқұмның анасы Динара Атаеваның айтуынша, қызы бұған дейін жігітпен қарым-қатынасын тоқтатқанын айтқан. Алайда олардың биыл жазда қайта араласа бастағанын таныстары жеткізген.

«Қызым ол жігітпен қарым-қатынасын тоқтатқанын айтқан еді. Екеуінің арасында қандай жанжал болғанын білмеймін», – дейді анасы.

Отбасы бұл істің аса қатыгездікпен жасалғанына сенімді. Сондықтан ата-ана қылмыстық істі ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі бойынша қайта саралауды талап етіп отыр.

«Біз кінәлі адамның барынша ауыр жаза алғанын талап етеміз. Ол заң талабына сай толық жазалануы керек. Қазір іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша тергеліп жатыр. Бұл – аса қатыгездікпен жасалған қылмыс. Сондықтан 99-баптың 2-бөлігі бойынша саралануға тиіс», – дейді Динара Атаева.

Ата-ананың айтуынша, күдіктінің қылмысқа қатысы бар заттары да табылған. Қазір отбасының заңгері бірнеше томнан тұратын қылмыстық іс материалдарын зерделеп жатыр.

Абай облысы полиция департаментінің мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Сотқа дейінгі тергеу аяқталған. Қазір процеске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр.

«Танысу аяқталғаннан кейін қылмыстық іс заңнамада белгіленген тәртіппен сотқа жолданады», – деді Абай облысы ПД Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Ержан Телжанов.

Енді Ділназдың ата-анасы соттан істің барлық мән-жайын жан-жақты қарап, кінәлі адамға заң аясында ең қатаң жаза тағайындауды сұрап отыр.