Қызылордада жол апатынан көз жұмған бес айлық сәби каратэден әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбайдың жиені болып шықты. Спортшы әйел мен нәрестені қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіні тауып, жауапқа тартуды талап етті, деп хабарлайды ult.kz.
Қайғылы оқиға 13 қазан күні сағат 17:10 шамасында болған. Mitsubishi Lancer көлігі арбадағы сәби мен оның анасын қағып кеткен. Екеуі де ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер бес айлық ұл баланың өмірін сақтап қала алмаған.
Сәбидің 26 жастағы анасының жағдайы өте ауыр. Туыстарының айтуынша, ол әлі есін жимаған. Әйелдің қабырғалары мен жамбасы сынған, алда бірнеше күрделі ота күтіп тұр.
Қызылорда облыстық полиция департаменті адам өліміне әкеп соққан жол апаты және оқиға орнын тастап кету деректері бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
“Күдіктінің жеке басы анықталды. Оның орналасқан жерін анықтап, ұстау үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Қызылорда қаласының шығаберістерінде бақылау күшейтілді”, – делінген полиция хабарламасында.
Мөлдір Жаңбырбай полицияны сынап тастады.

Айта кетейік, Алматыда тұраққа талас кезінде көз жұмған ер адамға қатысты тың дерек шықты.
Мөлдір Жаңбырбай кім?
Мөлдір Жаңбырбай - қазақстандық каратэші, 2023 жылғы әлем чемпионы. Ол 1997 жылы 18 мамырда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Токио Олимпиадасына қатысып, әйелдер арасындағы 55 келіге дейінгі салмақта жетінші орын алған.
Спортшының ең ірі жетістігі — 2023 жылы Венгрия астанасы Будапештте өткен әлем чемпионатындағы жеңісі. Мөлдір 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль иеленді. Осылайша, ол ересектер арасында WKF каратэден әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақстандық спортшы ретінде тарихқа енді. Бұл жарыста Қазақстан құрамасы бір алтын, бір күміс және бір қола жүлде жеңіп алған.