Белгілі әнші Қарақат Әбілдина мен жұбайы Қыдырәлі Болманов қазақ киносының аңызына айналған актриса Меруерт Өтекешованы үйлеріне қонаққа шақырып, сый-құрмет көрсетті. Әнші бұл кездесуден алған әсерін әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті, деп хабарлайды ult.kz.
Қарақат Әбілдинаның айтуынша, ол Меруерт Өтекешованы бұған дейін де бірнеше рет қонаққа шақырған. Алайда түрлі себептермен кездесу кейінге қалып келген. Ақыры өнер иелері бір дастархан басында бас қосып, емен-жарқын әңгімелесудің сәті түскен.
Әнші қазақ кино өнерінде өшпес із қалдырған актрисаны шаңырағында қарсы алу өзі үшін үлкен мәртебе екенін жеткізді. Ол Меруерт Өтекешованың өнердегі орнына ерекше тоқталып, халықтың жүрегінен орын алған тұлғаға деген ықыласын білдірді.
"Бір дәуірдің сұлулық символына, тұтас ұлттың жүрегіндегі Қыз Жібек бейнесіне айналған аяулы Меруерт Өтекешова апамызды осыған дейін ақ дастарханымызға талай мәрте шақырған едік. Көңіл қалағанмен, әр кездесудің Алла нәсіп еткен өз сәті болады екен. Өнерімен ұлт жадында, өнегесімен ел жүрегінде қалған асыл апамызды төрімізден көру – біз үшін үлкен қуаныш!" – деп жазды Қарақат Әбілдина.
Бұл басқосуға актрисадан бөлек, елге белгілі азаматтардың отбасы мүшелері де қатысқан. Олардың қатарында мемлекет және қоғам қайраткерлері Бердібек Сапарбаев пен Мақсұт Нәрікбаевтың жұбайлары болған. Сондай-ақ Қызылорданың құрметті азаматы, құрылыс саласының өкілі Мәжит есімді азамат та жұбайымен бірге қонаққа келген.
Қарақат Әбілдина кездесудің ең құнды тұсы үлкендердің өмірлік тәжірибесі мен өнегелі әңгімелерін тыңдау болғанын атап өтті. Әсіресе елге қызмет еткен азаматтардың жанында жүріп, отбасының берекесін сақтаған аналардың өмір жолы көпшілікке үлгі екенін айтты.
"Өмірдің ыстығы мен суығын бірге өткеріп, азаматтарына сүйеу, шаңырағына тіреу болған аналарымыздың әрқайсысының ғұмыры – өнеге, айтар әңгімесі – тұнып тұрған тағылым. Мен үшін үлкендермен сырласудың, өмірден түйгенін тыңдап, ақылын алудың орны бөлек", – деді әнші.
Өз кезегінде Меруерт Өтекешова да дастархан басында ақ тілегін арнап, Қарақат Әбілдина мен Қыдырәлі Болмановтың отбасына ризашылығын білдірген.
Әлеуметтік желі қолданушылары өнерлі отбасының қонақжайлығына сүйсініп, үлкенге құрмет көрсетудің осындай үлгілері көп болуы керектігін жазды. Көпшілік әсіресе Меруерт Өтекешоваға көрсетілген ілтипатты жылы қабылдаған.
Қарақат Әбілдина кім?
Қарақат Әбілдина – қазақстандық танымал әнші, дәстүрлі және эстрадалық әндерді орындаушы, мәдениет қайраткері. Ол қазақтың ұлттық өнерін насихаттап, халық әндерін заманауи сахнада орындауымен кеңінен танылған. Өнер иесі ұзақ жылдар бойы қазақ музыкасының дамуына үлес қосып келеді. Қарақат Әбілдина халық әндерімен қатар авторлық шығармаларды да орындайды. Оның репертуарында ұлттық құндылықтарды, анаға деген құрметті, отбасы мен махаббатты дәріптейтін әндер бар. Әнші белгілі продюсер әрі өнер қайраткері Қыдырәлі Болмановпен отбасын құрған. Ерлі-зайыптылар Қазақстанның мәдени өміріне белсенді араласып, түрлі шығармашылық жобаларды жүзеге асырып келеді.
Қарақат Әбілдина 1978 жылы 6 сәуірде Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Байғұл ауылында дүниеге келген. Ол Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында білім алып, домбырамен халық әндерін орындау мамандығын меңгерген. Әншілік шеберлігін белгілі ұстаз Сәуле Жанпейісовадан үйренген. Кейін Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосыновтың жетекшілігімен аспирантурада білімін жетілдіріп, оны 2004 жылы аяқтаған.
Шығармашылық жолында 1998-2003 жылдары "Салтанат" ән-би ансамблінде еңбек еткен. 2003 жылдан бастап "Гүлдер" мемлекеттік ансамблінің әншісі болған. 2001 жылы халықаралық "Шабыт" байқауының дипломанты атанған. Қарақат Әбілдинаға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілген
Өнер иесі балаларға ұлттық музыка мен дәстүрлі ән өнерін үйрету мақсатында "Қарақат" мектеп-студиясын ашқан. Бүгінде бұл бастама еліміздің бірнеше өңірінде дамып, жас таланттарды тәрбиелеуге бағытталған.