Қылмысты жасырған: Ақбаянның үстінен жаңа іс қозғалды ма?

Қылмысты жасырған: Ақбаянның үстінен жаңа іс қозғалды ма?
Коллаж: ult.kz

Атырауда төрт адамның өліміне байланысты атышулы қылмыстық іс бойынша жаңа мәліметтер пайда болды, деп хабарлайды ult.kz.

Іске қатысты айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиевтің бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева Алматы қаласында кешенді сот-психиатриялық және психологиялық сараптамадан өткен. Мамандар қорытындысына сәйкес, оған динамикалық бақылау жүргізу қажеттілігі көрсетілген. Сонымен қатар дәрігерлер қосымша дифференциалды диагностикалық тексерулер тағайындаған.

Ресми деректерге сәйкес, 2026 жылдың 27 сәуірінде оған қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша қозғалған іс тоқтатылған. Тергеу барысында оның әрекетінен қылмыс құрамының белгілері анықталмаған.

Дегенмен, азаматшаға қатысты құқықтық процесс толық аяқталған жоқ. Негізгі қылмыстық іс аясында жеке өндіріс бөлініп, ол Қылмыстық кодекстің 434-бабы — «Қылмыс туралы хабарламау» бабы бойынша жауапқа тартылуда.

Құзырлы органдар қазіргі таңда оның іс-әрекетіне қатысты түпкілікті құқықтық баға әлі берілмегенін мәлімдеді. Бұлтартпау шарасы қолданылмаған.

Тергеу амалдары жалғасуда. Істің барлық мән-жайы толық әрі жан-жақты зерттелгеннен кейін ғана соңғы процессуалдық шешім қабылданады.

Айта кетейік, Атырау облысында төрт адамның өліміне байланысты сот процесі жалғасып жатыр. Айыпталушы орындығында Сұлтан Сәрсемалиев отыр. Сот барысында Ақбаян Мұқанғалиеваның есімі оқиғаға дейінгі және кейінгі жағдайларға қатысты жиі аталып келеді.