Қостанайда заңсыз жұмыс істеген екі шетелдік елден шығарылды

Қостанайда заңсыз жұмыс істеген екі шетелдік елден шығарылды
Видеодан скриншот

Қостанай облысында көші-қон заңнамасын бұзған екі шетел азаматы Қазақстан аумағынан мәжбүрлі түрде шығарылды. Тағы екі азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 75 мың теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды ult.kz.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, құқық бұзушылықтар «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталған.

Тексеру кезінде екі шетел азаматының Қазақстанда тіркелу тәртібін бұзғаны және тиісті рұқсат құжаттарынсыз еңбек қызметімен айналысқаны белгілі болды. Полиция жинақтаған материалдарды қараған сот оларды ел аумағынан мәжбүрлі түрде шығару туралы шешім қабылдады.

Сонымен қатар заң талаптарын бұзған тағы екі азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың әрқайсысына 75 687 теңге айыппұл салынды. Жалпы айыппұл сомасы 151 374 теңгені құрады.

Құқық қорғау органдары өңірде көші-қон заңнамасының сақталуын бақылауды күшейтіп, заңсыз көші-қонның алдын алуға бағытталған рейдтерді жалғастырады.